Татулықтың тұтқасы – бірліктің бесігі

Тақырыбы:   «Татулықтың тұтқасы – бірліктің бесігі»

Мақсаты: Оқушылардың «сыйластық» құндылығы туралы түсініктерін кеңейту;

Міндеттері: а) ризашылық, рахмет, алғыс туралы түсінік беру;

ә) үлкен — кішіге деген сүйіспеншілігін, сыпайылық қарым — қатынасын дамыту;

б) әдептілікке, кішіпейілділікке, ізеттілікке тәрбиелеу.

Көрнекіліктері: Нақыл сөздер, сандықша, шарлар және т.б.

Барысы:         

               

1-жүргізуші:  2016 жылғы 14 қаңтар -  Қазақстан республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні.

2-жүргізуші:  1 наурызды елімізде Алғыс айту күні деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойды. Қазақстан халқы 2016  жылы тұңғыш рет Алғыс айту күнін атап өтті.

1-жүргізуші:  Алғыс – адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, сондай-ақ оның ойы мен іс-әрекетіне, жасаған істеріне жоғары баға беруі.

2-жүргізуші:  Алғыс айту күні  – Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктің негізгі арқауы – еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні. Бұл күн – күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматттарының бір-біріне құрмет білдіретін күн.

1-жүргізуші:  Алғыс айту күні – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейрімділік пен ақ көңілдік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні.

2-жүргізуші:  

Бала, бала, бала деп,

Түнде шошып оянған;

Түн ұйқысын төрт бөліп,

Түнде бесік таянған;

Аялы қолда талпынтқан;

Айналасына ас қойып,

Өзенді көлдей шалқытқан;

Қолын қатты тигізбей,

Кірлі көйлек кигізбей,

Иісін жұпар аңқытқан.

Қаймақты сүттей қалқытқан;

Суық болса жөргегін,

Қорғасындай балқытқан;

Бұл кім? (Ана)

1-жүргізуші:  

Әлпештеп өзіңдей өсірген,

Нағашы әжеңнің баласы.

Төрінде жалпиып көсілген,

Бұл күнде жиеннің анасы

Ол кім?    (Анаң)

2-жүргізуші:  Біз үшін ең қымбатты, ең ардақты адам кім? (АНА)

Сондықтан анамызға арнап алғысымызды айтайық.

1-оқушы: 

Аялаған, баптаған,

Асыраған сақтаған.

Сақтандырып күнде еппен,

Айтып бәрін үйреткен

Анамызға мың алғыс!

Ерлік еткен біз үшін,

Еңбек еткен біз үшін,

Еркелеткен біздерді,

Еркіндеткен біздерді.

Анамызға мың алғыс!

2-оқушы: 

«Адал бол, - деп, - балдырған»,

Әділдікке баулыған.

Жүрегінде – махаббат,

Тілегінде – марқабат

Анамызға мың алғыс!

1-жүргізуші:   Өзі салмақты, байсалды, бос уақытын балалармен өткізгенді жақсы көреді, отбасын қорғаушы, асыраушы, сақтаушы. Ол кім? (ӘКЕ).

2-жүргізуші:   

Атаңның баласы

Кей кезде таласып,

Қаласың әжеге

Білгенің асады кәдеге?

Ол кім? (Әкең)

3-оқушы: 

Атам айтса «Ұлым» деп,

Әжем айтар «Күнім» деп,

Екеуінен қаймығып,

Айтады әкем «Інім» деп.

            Ықыласы бір менде,

            Бір шытпайды қабағын.

            Үйде, түзде жүргенде,

            Соған ұқсап бағамын.

            Бізді асырап баптаған,

             Алғысым, әке, көп саған!


Ән: Ана-әкеге рахмет!  (орындайтын хор)


1-жүргізуші:   Бүгін – Рақмет айту күні. Күннің халықаралық дәрежесі жоқ, мұны АҚШ және Канада халықтары қараша айының әрбір төртінші бейсенбісінде атап өтеді. Атаулы күн алғаш рет 1621 жылы ағылшындық колонистердің бастамасымен тойланған. Қыс мезгілі өте ауыр болып, адамдар аштыққа ұшырағандықтан губернатор Уильям Брэдфорд қол астындағылардың көңіл-күйін көтеру үшін Алғыс айту күнін белгілейді. Айналадағы басқа да көршілер бұл дәстүрді жылы қабылдап, қаһарлы қысты аман-есен өткереді. Рақмет айту күнінің басты нышандарының бірі – түйе тауық. Себебі, ағылшындық колонистер мерекені алғаш тойлағанда орманда атылған төрт түйе тауықты жеген екен. Кейіннен, яғни, 1789 жылы Джордж Вашингтон Рақмет айту күнін «Ұлттық мереке» деп жариялайды.

2-жүргізуші:   Бұл күні барлық отбасы міндетті түрде дастарқан басына жиналып, туыстарына жақсылық жасауға асығады, жақындарын қуанту үшін түрлі тосын сыйлар ойлап табады. Қаладағы метроларда ерекше үстелдер орнатылып, адамдар ақша, азық-түліктерін қайырымдылыққа әкеліп қояды. ХVІІ ғасырдан келе жатқан әр түрлі киімдерді киген тұрғындар шеруге шығып, думанды кештер ұйымдастырады.

1-жүргізуші:  Алғыс - біреудің екінші біреуге ықыласын білдіруі, рахмет айтуы. Алғысты сөзбен немесе қимыл, іс-әрекет, заттай сыйлық беру, тіпті жақсы қарым-қатынас түрінде де білдіруге болады. Әркім Алғыс алу арқылы өзінің басқалармен қарым-қатынасын, өмірдегі орнын бағалай алады. Қазақ халқының ұғымында неғұрлым көп Алғыс алған адам бақытты болады. “Алғыспен ер көгерер” деген мәтел соған мегзейді.

2-жүргізуші:   Алғыс – қуаныш үстінде, жиын, мереке, той-томалақта адамдардың бір-біріне білдіретін игі тілектің этикалық мәнді атауы. Сонымен, рақметке лайықты кімдер? Тізімді бірге құрайық! Бастысы – алғыс айта білу…

Анаға – өмір сыйлағаны үшін,

Әкеге – қорған болғаны үшін,

Далаға – гүлдері мен көк шалғыны үшін,

Сөзге – жанды жылытатыны үшін,

Күнге – шуағы мен назары үшін

Жұлдызға – қараңғы түндегі жарығы үшін,

Досқа – құшағы мен иығы үшін,

Әжеге – ыстық алақаны үшін,

Суға – тіршілік көзі болғаны үшін,

Жерге – махаббаты мен бар болғаны үшін,

Отқа – жылулығы үшін..                             

1-жүргізуші:  Өзіне жасалған жақсылыққа ризашылық білдіруді алғыс дейміз. Осы жерде «Жақсылық жасаудың біз үшін қандай пайдасы бар?» «Біз неліктен басқаларға жақсылық жасауымыз қажет?» деген сауал туындайды. Осы сұрақтардың жауабын анықтау үшін экранға назар аударайық.

Бейнебаян:  «Жақсылық қылсаң өзіңе...»

                      «Жақсылық өзіңе қайтып келеді»

 2-жүргізуші:  Балалар, жылы сөз, қайырымды іс, жақсы ой, кіршіксіз сезімдеріңді ешкімнен ешқашан аямаңыздар. «Рахмет» деген қасиетті сөзді жиі айтыңдар. Өмірдің әрбір сәтін бағалай білуге үйреніңдер және Табиғат – Анаға мейірімді күні үшін, көңілді жаңбыры мен ақ қары үшін, жұмсақ ақ ұлпа бұлты үшін, жақын адамдарға қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін алғыс айтуды ұмытпаңдар.


«Автограф» ойыны:  (Әр оқушыға артына қағаз бекітіледі. Осы қағазға басқа оқушылар тілектерін жазуы қажет)


 Қорытынды.
           Алғыстың  да түпкі мәні – ризашылық білдіру арқылы жамандықтан ада болуды тілеу. Алғыс тек «ізгі ниетті» ғана білдірмейді. Қазақта алғыс сөзі, әдетте, үлкен бір істің атқарылып біткен кезінде, яки болмаса жас адамның үлкен қарияға жасаған игілікті іс-әрекетіне қатысты айтылады. Яғни қазақтағы алғыс ежелгі сипатын өзгерткен, ол рух-иеге немесе басқа бір құдіретке жалыну емес. Керісінше, қазақ алғысы ризашылық белгісі, игі іс атқарған адамға деген ерекше қатынасты көрсетеді. Сол себепті қазақ жастары үлкеннің алғысын алуға тырысқан. Мәселен, олар тойда, аста жиналған үлкендердің алдынан шығып, аттарынан қолтықтап түсіріп, үйге енгізеді. Сол кезде риза болған ақсақал «Қарағым, ғұмырлы бол!» деп өзінің алғысын айтады. Немесе, үйде жағалай отырған адамдардың қолына су құйып, орамал беріп, қызмет етеді, ал келіндерге үлкендер «Көп жаса, шырағым!» деп ризашылық сезімін білдіреді. Сол сияқты жас келін үйге келген кісіге, яки жасы үлкен адамға ізет көрсетіп, сәлем етеді. Оған «Қалқам, өркенің өссін» деп, үлкен кісі өзінің ризашылық батасын айтады. Я болмаса жас адам үлкен кісінің әлдеқалай берген тапсырмасын дер кезінде ойдағыдай орындаса, қария оған «Жасың ұзақ болсын!» деген сияқты алғыс айтып, екі жақтың да көңілі хош болады.

Қазақ алғыстары нақты адамға қарата айтылады, ол екі адамның бір-біріне деген ізгі ықыласын білдіреді. Оның басты мақсаты жақсылық істеген адамға ризашылық білдіру, алғыс алған адамның көңіл-қошы болып, ырыс-берекесі арта түседі деп ырымдаған. Қазақта алғысты риза болған адам айтады, оны сұрап алмайды, басқа түркі халықтарындағыдай арнайы алғысшылар болмайды.

Байқайтынымыз: алғысты риза болған жақ өзі айтса, батаны екінші жақ көбінесе «Батаңызды беріңіз!» деп сұрап алады. Екіншіден, алғыс ұғымында ризашылық белгісі сақталған, ол туралы қазақ паремасында «Алтын алма, алғыс ал!» деп келетін мәтелде алғыстық  сипатты байқауға болады. Себебі, қазақ ұғымында алғыс алған адамды Тәңір жарылқап, оның құты көбейеді, ырысы артады деп сенген. Алғыстың мазмұны көбіне тілек түріндегі білдіріледі: Алла риза болсын! Көп жаса! Өмір жасың ұзақ болсын! Бақытты бол, Тең құрбыңның алды бол! және т.б.

М.Әуезов шығармаларында қазақы алғыстың мынадай түрлері айтылады: Алдыңнан жарылқасын; амандық шаттықпен көрісуге жазсын; аруақ жар болсын; аруақ қолдасын; бақыл бол; жолыңа жұп шырақ; жолың болсын; көрісуге күн жақсы болсын; қадамың құтты болсын; қайырлы болсын; қайыры бірге болсын; қосағыңмен қоса ағар; байлар көбейсін; құдай көңіліңді өсірсін; құсың құтты болсын; қызығың ұзақ болсын; ойнар көбейсін; осы бетіңнен жарылқасын; өмір жасың ұзақ болсын; от анасын жарылқасын; өркенің өссін; садағаң келсін; сауық молайсын; сақтай гөр терістен; тие берсін; тілектерің тап болсын; тілеуің берсін; ұзағынан сүйіндір.                            

1-жүргізуші:  Осымен бүгінгі «Алғыс айту - парзым» атты тәрбие сағатымызды тәмамдаймыз.                                      

2-жүргізуші:  Бір-бірімізге жақсылық жасаудан да, алғыс айтудан да аянбайық!

Жүргізушілер:  (хормен)   «Өмірге риза болып, алғыс айт!»

ДАННЫЙ САЙТ БЫЛ СОЗДАН, ИСПОЛЬЗУЯ